Балалар әдебиетінің онкүндігі аясында, мектеп кітапханасында ерекше әсерге толы «Кітап кейіпкерлері – балалар көзқарасымен» атты рухани кездесу өтті. 4–6 сынып оқушылары өздері сүйіп оқыған шығармалар әлеміне қайта саяхат жасап, жүректеріне жақын кейіпкерлер жайлы ой толғады. Әр баланың әңгімесінен кітапқа деген сүйіспеншілік пен кейіпкерге деген шынайы ықылас анық сезіліп тұрды. Кітап – бала қиялын тербеткен сырлы әлем, ал сол әлемнің жанды бейнесі – кейіпкерлер. Балалар үшін олар сырлас дос, ақылшы серік іспетті. Олармен бірге қуанып, бірге толғанады, бірге арман биігіне самғайды. Жас оқырман кейіпкердің келбетімен қатар оның жүрек тазалығына, әділдігі мен батылдығына үңіледі. Себебі бала танымындағы батырлық- шындықты қорғау, мейірім мен адалдыққа берік болу. Осындай тағылымды шығармалар мен жарқын кейіпкерлер балалардың ой-өрісін кеңейтіп, жақсы мен жаманды ажыратуға үйретеді. Олар жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіріп, өмірге деген сенімін нығайтады. Кітап арқылы табылған кейіпкерлер – баланың рухани әлемін байытып, болашаққа бағыт сілтер жарық жұлдыздар.
ВИДЕО КӨРУ